Оқу бағдарламасы
Курс: Бизнес пайдаланушыларға арналған ақпарат...
Login

Curriculum

Бизнес пайдаланушыларға арналған ақпараттық қауіпсіздік негіздері

Қорытынды емтихан

0/1
Бейне сабақ

8.1 Ақпаратты қауіпсіз іздеудің маңыздылығы

Кіріспе 

Интернет қазіргі өмір мен бизнестің ажырамас бөлігіне айналды. Бұл кең ауқымды ғаламдық желі күн сайын ақпаратты іздеуден бастап күрделі қаржылық операцияларға дейінгі миллиардтаған операциялардың платформасы ретінде қызмет етеді. Сонымен қатар, бұл зиянды бағдарламалардан бастап хакерлік шабуылдарға дейінгі көптеген қауіптердің орны. Пайдаланушылар үшін жеке және корпоративтік ақпаратты қорғау үшін Интернетті қауіпсіз пайдалану принциптерін меңгеру өте маңызды. 

Ақпаратты қауіпсіз іздеудің маңыздылығы 

Интернет көпшілігіміз үшін негізгі ақпарат көзі болып табылады. Өзекті жаңалықтар мен ғылыми фактілерден бастап достарыңызбен қарым-қатынас пен ойын-сауық мазмұнына дейін Интернет ресурстардың шексіз көлемін ұсынады. Алайда, барлық ресурстар сенімді немесе қауіпсіз емес екенін есте ұстаған жөн. Интернетте ұстануға тиіс негізгі ережелерді қарастырайық: 

  1. Сенім және тексеру. Интернеттегі барлық ақпарат көздері нақты немесе дәлелденген ақпарат бере бермейді. Интернеттен оқығанның бәріне сенбеңіз және табылған ақпаратты мүмкіндігінше әрдайым дәлелді дереккөздерден  қайта тексеріңіз. Мысалы, егер сіз форумда медициналық кеңес тапсаңыз, бұл ақпаратты ресми медициналық сайттан тексергеніңіз жөн және қарсы пікір туралы ақпаратты қарастыру да артық етпейді. Бір сұраққа әрдайым әртүрлі пікірлер болады, сондықтан сыни тұрғыдан ойлау арқылы жаңа ақпаратты немесе кеңесті талдауды әдетке айналдырыңыз, яғни кез келген жаңа ақпаратқа күмән келтіріп, бірнеше дәлелденген және беделді дереккөздерден алынған логикалық пайымдаулар мен дәлелдерге сүйене отырып қорытынды жасауға тырысыңыз. Бұл – ақпарат оңай қолжетімді, бірақ әрқашан сенімді бола бермейтін қазіргі замандағы маңызды дағды.  

  1. Алаяқтық сайттар. Интернет шынайы болып көрінуі мүмкін, бірақ сізді алдау үшін жасалған сайттарға толы. Сақ болу және күмәнді болып көрінетін сайттарда жеке ақпаратты немесе төлем деректерін бермеу, әсіресе егер сіз сайтқа сілтемелер арқылы кірсеңіз, аса маңызды. Мысалы, сіз ресми сайтқа  өте ұқсас  әйгілі киім брендінің интернет-дүкенінде үлкен жеңілдіктер туралы сайтқа сілтемемен СМС алдыңыз, бірақ домендік атауы сәл өзгеше немесе басқа да жалған белгілері бар. Күмәнді сілтемені басудың орнына, Google іздеу жүйесі арқылы интернет-дүкеннің ресми сайтын тауып, тексерілген сілтемелер арқылы кірген дұрыс.  

  1. Қауіпсіз іздеу жүйелері. Көптеген ірі іздеу жүйелері сіздің сұратуларыңыз бойынша табылған нәтижелерді көрсететін дерекқорларынан зиянды сайттарды анықтауға және сүзуге тырысқанымен, ешбір жүйе мінсіз емес. Сенімді және дәлелденген іздеу жүйелерін пайдалану, сондай-ақ кейбір сілтемелердің жанында пайда болуы мүмкін ескертулерге назар аудару керек. Мысалы, кез келген ақпаратты іздеу үшін Google қолданған кезде, сіз бұл сайттың зиянды болуы мүмкін екендігі туралы ескертуді байқауыңыз мүмкін. Мұндай сайттардан аулақ болу керек және ақпаратты басқа көздерден іздеу қажет. Әркез есіңізде болсын, тіпті тексерілген іздеу жүйелері де сізге зиянды мазмұны бар сайттарға сілтемелер беруі мүмкін. 

  1. Жарнамалық және серіктестік сілтемелер. Іздеу жүйелерін пайдалану кезінде сіз өзіңіздің сұранысыңызға сәйкес келмейтін немесе тіпті зиянды сайттарға бағыттайтын жарнамалық сілтемелерге тап болуыңыз мүмкін. Мұндай сайтқа кірмеу үшін сілтеменің жанындағы «Жарнама» деген белгіге назар аударыңыз және сайт сіздің сұранысыңызға қаншалықты сәйкес келетініне мән беріңіз. Мысалы: тегін бағдарламалық жасақтаманы іздеу кезінде іздеу нәтижелеріндегі алғашқы бірнеше сілтемелер жарнамалық болуы мүмкін және ақылы бағдарламалық жасақтаманы ұсынатын сайттарға немесе тіпті вирусы бар өзгертілген бағдарламаны жүктеу ықтималдығы жоғары қарақшылық сайттарға бағыттауы мүмкін. Қосымшаларды тек ресми қосымшалар дүкендерінен немесе ресми сайттардан жүктеген дұрыс. 

  1. Электрондық хаттар мен хабарламалардағы сілтемелер. Хат ресми болып көрінсе де, электрондық пошта арқылы алынған сілтемелерді басудан сақ болыңыз. Алаяқтар сіздің жеке деректеріңізді ұрлау мақсатында көбінесе танымал компаниялардың, банктердің немесе қызметтердің хаттарына ұқсастырады. Сіз «өз банкіңізден» сілтеме бойынша өтіп, есептік жазбаңыздың мәліметтерін жаңартуды сұрайтын хат алдыңыз делік. Мұны жасамас бұрын, банкке қоңырау шалып, хатты солардың жібергеніне көз жеткізіңіз немесе ықтимал фишингтік сілтемеге өтуді болдырмау үшін іздеу жүйесі арқылы банкіңіздің сайтына кіріңіз. 

  1. Жеке деректерді қорғау. Тіпті ресми сайттарда да жеке мәліметтеріңізбен байқап бөлісу керек. Email, телефон немесе өзіңіз туралы басқа да ақпаратты бермес бұрын, оның шынымен қажет екеніне және сайттың тиісті деректерді қорғау шараларын қолданатынына көз жеткізіңіз (бұл HTTPS – мекенжай жолағында жабық құлып ретінде көрінетін сайтты шифрлау болуы мүмкін). Мысалы, сіз жаңа сайтқа тіркелген кезде, ол сіздің үй мекенжайыңыз немесе телефон нөміріңіз сияқты қосымша ақпаратты сұратуы мүмкін. Өзіңізге сұрақ қойыңыз: бұл сайтқа бұл ақпарат шынымен қажет пе? Көбінесе қосымша ақпаратты өз қалауыңыз бойынша енгізуге болады, яғни қосымша өрістерді толтырмауға болады.  

  1. Жүктеу кезінде сақ болыңыз. Файлдарды немесе бағдарламалық жасақтаманы сенімсіз дереккөздерден жүктемеңіз. Бұл сіздің құрылғыңызға зиянды жұқтыруы мүмкін. Мәселен, сізге танымал қосымшаның тегін нұсқасын белгісіз сайттан жүктеу ұсынылды делік. Қосымшаларды ресми дүкендерден немесе іздеу жүйесі арқылы  қосымшаны әзірлеушілердің ресми сайтын тауып, ресми сайттан жүктеген дұрыс.